20.04.2016

20 сәуірде Есеп комитетінің кезекті отырысы өтті

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтаужәне әлеуметтік дамуминистрлігінің жекелеген бюджеттік бағдарламаларының іске асырылу тиімділігінежүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары шығарылды.

Есеп комитетінің бағалауынша, Мембағдарламаның халықтың өмір сүру ұзақтығының ұлғаюы, ана мен нәресте өлім-жітімінің және жалпы өлім-жітімнің, туберкулезбен сырқаттанушылықтың төмендеуі, АИТВ-инфекциясының таралуын ұстау, қатерлі ісіктерді анықтау және қатерлі ісіктері бар науқастардың 5 жылдық өмір сүруін қамтамасыз ету бойынша барлық сегіз нысаналы инидикаторына қол жеткізілгеніне қарамастан, денсаулық сақтау жүйесінде бірқатар проблемалық мәселелер сақталып отыр.

Ұлттық скринингтік бағдарламаны іске асыру тиімділігінің төмендігі байқалады. Мәселен, профилактикалық іс-шараларды жүргізу нәтижесінде аурулардың анықталуы ересек халықтың арасында – 3,4%-ды, балалар арасында 16,4%-ды құрайды.

Медицина кадрларының тапшылығы, әсіресе ауылдық жерлердегі тапшылығы, медицина қызметкерлері санының теңсіздігі, орта және жоғары медициналық білімі бар қызметкерлердің біліктілік деңгейінің жеткіліксіздігі өзекті проблема болып қалуда.

2015 жылы медицина жоғары оқу орындарының оқытылуына 144,5 млн. теңге республикалық бюджет қаражаты жұмсалған 42 түлегі ауылдық елді мекендерде орналасқан мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыспен өтеуді қамтамасыз етпеген.

Мектеп медицинасы қызметін, мемлекеттік кәсіпорындардың корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру бойынша нормативтік құқықтық актілер, сондай-ақ қоршаған ортаның халықтың денсаулығына әсерінің тәуекелін бағалау және саланың адами әлеуетін жетілдіру үшін кадр ресурстарын дамыту тұжырымдамалары әзірленбеген.

Министрлік денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің мүмкіндіктері мен тетіктерін толық пайдаланбаған.
Республикалық бюджеттен бөлінген 6 040,8 млн. теңге толығымен игерілгенімен, Семей қаласындағы облыстық онкологиялық диспансердің радиология орталығын салудың 3-ші кезеңі пайдалануға енгізілмеген.

Жалпы құны 11 958,3 млн. теңгенің жер учаскелерінің балансқа алынбауы Министрліктің 17 ведомстволық бағынысты ұйымында қаржылық есептіліктің бұрмалануына алып келген.

Есеп комитеті анықтаған қаржылық бұзушылықтардың жалпы сомасы аудиторлық іс-шара барысында толығымен өтелген және қалпына келтірілген 12,7 млрд. теңгені, тиімсіз пайдаланылған республикалық бюджет қаражаты – 34,6 млрд. теңгені, бюджет және өзге заңнаманың рәсімдік бұзушылықтары – 18,4 млрд. теңгені құрады.

Аудит объектілерінің лауазымды адамдарына қатысты әкімшілік іс қозғау үшін 10 материал уәкілетті органдарға жіберілді, сондай-ақ 22 лауазымды адам тәртіптік жауаптылыққа тартылды.

Отырыстың қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру кезінде ұқсас кемшіліктерге жол бермеу мақсатында Үкіметке тиісті ұсынымдар берілді.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, Әділет министрліктеріне анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдау, бюджет және өзге де заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етпеген лауазымды адамдардың жауаптылығын қарау тапсырылды, сондай-ақ басқа да бірқатар тапсырмалар берілді.

Аудиттің жекелеген материалдары процестік шешімдер қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберілетін болады.

Есеп комитетінің баспасөз қызметі